Шымкентте студенттер емтихан тапсырмау үшін жалған медициналық анықтама ұсынған

Автор: Azattyq Rýhy

Анықтамалар басқа адамдарға тиесілі болып шықты

Фото ашық дереккөзден

Шымкентте студенттер емтихан тапсырмау үшін жалған медициналық анықтама ұсынған. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оңтүстік Қазақстан университетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтері емтихан кезінде студенттер ұсынған 48 медициналық анықтаманың заңды еместігін анықтаған.

Мониторинг барысында ұсынылған 185 медициналық анықтаманың 48-і Damumed мобильді қосымшасының мәліметтеріне сәйкес келмеген.

«Анықтамалар басқа адамдарға тиесілі болып шықты. Күндері де сәйкес келмейді. Аталған факті бойынша шара қабылдау үшін қаланың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тиісті медициналық мекемелерге хат жолдады», - делінген департамент хабарламасында.