Киік мүйізін заңсыз сақтаған екі атыраулық сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

Фото ашық дереккөзден

Киік мүйізін заңсыз сақтаған екі атыраулық сотталды. Олардан 6 млрд теңге залал өндіріледі. Атырау қаласының №2 сотында киік мүйізін заңсыз иемденіп, сақтап, тасымалдағаны үшін екі күдіктіге қылмыстық іс қаралды. Күдіктілерге ҚР Қылмыстық кодекстің 339-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен айып тағылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Биылғы 2 наурызда К. және З. өлі күйде жатқан киіктердің 2 мыңнан астам мүйізін кесіп алған. Кейін К.-ның Атырау қаласындағы тұрғылықты мекенжайына әкеліп, заңсыз сақтаған. Ал 4 наурызда К.-ның үйін тінту кезінде жоғарыда көрсетілген киік мүйіздері табылған. Күдіктілер қылмыстық әрекеттерімен мемлекетке 6 млрд теңгеден астам мөлшерде аса ірі залал келтірген», - делінген №2 соттың баспасөз хабарламасында.

Сотталушылардың кінәсі тінту хаттамасымен, заттай дәлелдемелермен, бейнежазбалармен, сот-биологиялық және тауартану сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденген.

Прокурор сотталушы К.-ға 8 жыл, ал, З.-ға 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Сот К. және З.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп таныды.

«К.-ға 7 жыл, З.-ға 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушылардан ортақ үлесте мемлекет пайдасына 6 млрд теңгеден астам мөлшерде залал өндіріледі», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.