Тұрғындар интернеттің жылдамдығы мен сапасына қатысты қайда шағымдана алады
«E-otinish» сайтында жаңа айдар пайда болды
Цифрлық даму,инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте интернет сапасы жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Халық тарапынан мобильді интернетке қол жеткізу мәселесінің айрықша өзектілігін ескере отырып, министр Бағдат Мусин операторлар мен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен халық ыарасында ашық диалог ұйымдастыруды тапсырған болатын. Министрлік ел тұрғындарын байланыспен қамтамасыз етуге айтарлықтай кедергі келтіретін саланың іргелі проблемаларын шешу бойынша жұмыс жүргізуде. Байланыс сапасын арттыру мақсатында біз ҚР Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп сапасыз қызметтер көрсеткені үшін байланыс операторларына айыппұлдарды ұлғайту бөлігінде заңнамаға түзетулер әзірледік. Заңдағы өзгерістерге сәйкес, егер бұрын орнатудан бас тарту үшін келіспейтін бір адам жеткілікті болса, қазір пәтер иелерінің дауыс берген қатысушыларының жартысынан көбінің келісімімен базалық станцияны орнатуға келісім жинау рәсімі жеңілдетілді. Бұл операторларға еліміздің қалалары мен ауылдарындағы желілерді сапалы әрі жылдам кеңейтуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті вице-министр Асхат Оразбек.
Сонымен қатар, ол министрліктің халықтың кері байланысына ашық екенін және оны беру рәсімдерін жеңілдететінін хабарлады.
«Азаматтардың Интернеттің сапасы мен жылдамдығына қатысты мәселелерін назарға ала отырып, «E-otinish» порталының басты бетінде «интернетке қатысты мәселелер» бөлімі пйада болды, онда әрбір азамат тиісті шаралар қабылдау үшін мемлекеттік органға өз өтінішін қалдыра алады», – деп атап өтті вице-министр.
GSMA Intelligence деректері бойынша 2022 жылдың соңында әлем бойынша бір абоненттің мобильді трафикті орташа тұтынуы 12 Гб құрайды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 17,2 Гб-қа тең. Қазақстандықтар Сингапур, Түркия, Италия және басқа да көптеген елдердің тұрғындарына қарағанда көбірек интернет трафигін жұмсайды.
5G енгізуді есепке алмағанда Қазақстанда мобильді трафик 2019 жылы 60%-дан, 2022 жылы 21% - ға дейінгі қарқынмен өсті және бұл тренд жалғасуда.
Осылайша, 4G/5G мобильді желілеріне үлкен жүктеме түседеді.
2022 жылы ұялы байланыс операторларының абоненттері 4398 петабайтты құрайтын мобильді деректерді тұтынды. Ал 2023 жылдың 6 айында 2513 петабайт тұтынған.