Ақтауда шахматтан мектеп командалары арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Жарысқа әлемнің 53 елінен 400-ден астам мектеп оқушылары қатысты

Кіші жастағы (12 жасқа дейінгі) топта Velammal MHS Mogappair командасына тең келер қарсылас табылмады. Үндістаннан келген оқушылар барлық сегіз кездесуде жеңіске жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Екінші орын мен күміс медальдар Украинаның Lviv Academic Gymnasium (Львов қ.) командасына бұйырды. Үшінші орынға бірден бес команда таласты, олардың төртеуі Қазақстан намысын қорғаған еді. Қола жүлдегер қосымша көрсеткіштер бойынша анықталды. Нәтижесінде медальдар Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінің Аланбек Жайназаров, Әмір Жүкенов, Мирас Хасенов, Айсұлтан Әнетов есімді оқушыларының қанжығасында кетті.

Ересектер тобында (18 жасқа дейін) түркиялық Istanbul ENKA High School командасының шахматшылары турнир аяқталуға бір күн қалғанда алтын медаль алудың қамын жасауда алдына жан салмады.

Алматылық оқушылар айрықша төзімділігі мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Чемпионаттың қорытынды күнінің қарсаңында олар жетінші орынға ғана қол жеткізе алған еді. Бірақ 7-ші және 8-ші турдағы екі жеңіс РФМШ командасына (Алматы қ.) командалық ұпайлар бойынша Үндістан командасын қуып жетуге, ал қосымша көрсеткіштер бойынша қарсыластарынан тіпті асып түсіп, күміске қол жеткізуге мүмкіндік берді. Күміс жүлдегерлер арасында Эдгар Мамедов, Иманғали Ахилбай, Әмір Иген, Зарина Нұрғалиева, Әлихан Дәулет бар. Өз кезегінде үнділік Velammal Vidyalaya Alapakkam (Ченнаи қ.) командасының оқушылары қола медальға ие болды.

Чемпионаттың жабылу салтанаты Каспий теңізінің жағалауындағы амфитеатрда өтіп, әсерлі отшашумен аяқталды.

Ересектер тобында бірінші орын алған Түркия командасының ойыншысы Ишик Джан атап өткендей, чемпионат барлық қатысушылар үшін ғаламат шахмат мерекесіне айналды.

«Мен бұрын-соңды шахмат жарыстарында мұндай керемет қойылым көрген емеспін. Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті», - деді шахматшы.

Еске сала кетейік, чемпионат 4-7 тамыз аралығында өтіп, әлемнің 53 елінен 400-ден астам мектеп оқушыларының басын қосқан болатын.

Тегтер: