Кездесу барысында халықтың тұрмыс сапасын арттыру мәселелері талқыланды
Мемлекет басшысы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Светлана Жақыпованы қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында халықтың тұрмыс сапасын арттыру және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін институттық деңгейде жаңғырту мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Светлана Жақыповаға халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының құқықтарына кепілдіктер мен олардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырма берді. Президент көпбалалы аналар, жалғызбасты аналар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар секілді әлеуметтік санаттағы топ өкілдерімен проактивті жұмыс істеу, сондай-ақ заңнама аясында олардың құқықтары мен мүдделерінің сақталуына қатаң бақылау жүргізу қажеттігін айтты.
Президент мүгедектігі бар адамдардың мәселесін шешуге айрықша назар аударып, осы санатқа жататын отандастарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін заңнамалық және институттық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ ұсынылған тәсілдерді тиімді жүзеге асыру үшін Уәкілдің мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті.