Елімізде тұрмыстық техника жасап шығару ісі жолға қойылды – министр
Отандық компания теледидар, электр плиталары мен пештер шығарып жатыр
Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев машина жасау саласындағы жаңалықтар туралы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Елдегі электротехникалық машина жасау секторында Alageum Electric нарықтың қажеттілігін толығымен қамтамасыз ететін трансформаторларды шығарады. Қазнергокабель, Еуразкабель сияқты кәсіпорындар нарықта сұранысқа ие кабельдік өнімдерді жеткізеді. Сектордың тағы бір маңызды бағыты - тұрмыстық техника өндірісі. Қазіргі уақытта «Алматы тұрмыстық техника» компаниясы Dauscher (Даушер) брендімен теледидарлар, электр плиталары мен пештер шығаруды жолға қойды», - деді ол.
Министр атағандай, биыл Қарағанды облысы Саран қаласында тұрмыстық техника бойынша жобаны іске асыру жоспарланған.
«Бұл саланың дамуына серпін беріп қана қоймай, моноқаланың жандануына өз үлесін қосады. Тұрмыстық техника бойынша Еуразиялық экономикалық одақ нарығының әлеуеті шамамен 11 млрд. АҚШ долларын, ал Қазақстан нарығының әлеуеті 1 млрд. 200 млн. АҚШ долларын құрайды. Жобаларды іске асыру кезінде біз ішкі нарықты 250 млн. АҚШ долларын құрайтын өнімдермен толықтырып, 100 млн. АҚШ долларынан астам сомаға экспортты арттыруды көздеудеміз», - деді Марат Қарабаев.