Алматыда қаңтар оқиғасына қатысты тағы бір адамға сот үкімі шықты
Үкім заңды күшіне енген жоқ
Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
М. есімді азаматқа зорлық-зомбылық, бүлік салу, мүлікті қирату, өртеу, жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу, биліктің заңды талаптарына бағынбауға және өзгелерді шақыру ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 2, 3-бөлігі бойынша айып тағылды.
«Сот 2022 жылғы 5 қаңтарда М. Төтенше жағдай режиміне қарамастан Алматы қаласының аумағында зорлық-зомбылық, бүлік салу, өртеу, мүлікті қирату, жою, билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсету, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бұзу, басқа азаматтар мен ұйымдардың құқығы мен бостандығына нұқсан келтірумен қатар жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқанын анықтады. Сондай-ақ ол басқа да қатысушылармен бірге полиция мен әскери қызметкерлердің шебін бұзған. Сонан соң ол көпшіліктің алдында сөз сөйлеп, халықты билік өкілдерінің заңды талабына бағынбауға шақырған, жеңіл көліктерді қиратып, полиция қызметкерлеріне тас лақтырған», – деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметінен.
Сот үкімімен М. тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды және оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, алайда рақымшылық жасау туралы заң қолданылып 9 айға сотталды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.