Қызымен ренжісіп қалған: Алматы облысында ер адам көпірден секірмек болды

Автор: Azattyq Rýhy

Ер адамның өміріне еш қауіп төнген жоқ

Фото: Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі

Үлкен Алматы айналма жолында бір жігіт қызға бола көпірден секірмек болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға сағат 12:30 шамасында Талғар ауданы, Қызылқайрат ауылының маңындағы автожолда болған. 1990 жылы туған ер адам тас жолдағы көпірден секіруге бел буған. Оқиға орнына дереу Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары мен техникасы жөнелтілді.

«Құтқарушылар сағат 12:45-те оқиға орнына жеткенде ол жерде полиция қызметкерлері ер адамды сөзге тартып тұр екен. Келіссөздер оң нәтиже беріп, ер адам көпірдің тіреуішінен бері қарай өтті. Оған еш қауіп төнген жоқ», – деп хабарлады Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

Куәгерлердің айтуынша, ер адам қызымен ұрсысып қалғандықтан көпірден секірмек болған.