Оралда екі ғасыр бұрын салынған қосқабатты үйдің төбесі опырылып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Мұндағы өзге тұрғындар да үреймен күнелтіп отыр

Фото ашық дереккөзден

Оралда екі ғасыр бұрын салынған қосқабатты үйдің төбесі опырылып кетті. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Бірақ осы үйде тұрған отбасы енді қайда барарын білмей дал. Мұндағы өзге тұрғындар да үреймен күнелтіп отыр. Олардың айтуынша, әкімдіктен ескі ғимарат орнына жаңасын салып беруді сұрағанымен мәселе әлі шешілмеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

Пушкин көшесінде орналасқан бұл үй 19-ғасырдың аяғында салынған екен. Мұнда 11 пәтер бар. Небір тарихи кезеңдерге куә болған ғимараттың қазіргі кейпі жарылыстан зақымданған нысанға ұқсайды. 

 «Қабырғалар жарылып жатыр. Енді төбесі құлап жатыр. Өз күшімізбен су өткізген болатынбыз, газ өткізген болатынбыз. Мынандай апаттық жағдай болғасын кейбіреулер жалдамалы пәтерге шығып кетіп жатыр», - деді қала тұрғыны Гүлмайра Нұғманова.

Қазір қалада 55 көппәтерлі үй апатты деп танылған. Алайда ол тізімде дәл осы екі ғасыр бұрын салынған нысан жоқ болып шықты. Мамандар ғимараттың апатты жағдайда екенін дәлелдеу үшін алдымен тұрғындар ортақ құжат жасатуы керек екенін айтады. 

 «Үйдің иелері өздері бірігіп, аккредитованная компаниялар арқылы осы үйді авариялық деп тану керек. Содан кейін біздер реновация бағдарламасымен жұмыс жасай аламыз. Бұл бағдарлама бойынша осы апатты үй кейбір компанияларды қызықтырса, онда осы жерге жаңа тұрғын үй салады», - дейді қалалық реновация бөлімінің басшысы Бағдат Рафаил.

Шаһарда реновация бағдарламасы шеңберінде 4 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Оларды жыл соңына дейіп тапсыру жоспарда. Тағы 5 үй көп ұзамай сүріледі. Ал өзге баспаналардың тұрғындары кезегін сарыла күтуге мәжбүр.