Пәкістанда муссон жаңбыры мен су тасқынынан құрбан болғандар саны 100-ден асты

Автор: Мира Байбек

Табиғат апатынан 180-нен астам адам жарақат алды

Пәкістанда муссондық жаңбыр мен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 100-ден асып, 180 адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.   

Бұл туралы Синьхуа агенттігі мәлім етті.

Пәкістанның табиғи апаттармен күрес жөніндегі ұлттық басқармасының мәліметі бойынша, 25 маусымнан муссон маусымы басталғаннан бері Пенджаб провинциясының шығысында 57 адам қаза тауып, 180-нен астам адам жарақат алды. Жаңбыр мен су тасқыны ондаған үйді қиратып, шаруа қожалықтарына айтарлықтай шығын әкелді.

«Провинцияның астанасы Лахор мен Равалпинди қаласында соңғы бірнеше күнде 200 мм-ден асатын жауын-шашын жауды. Тасқын су аймақтағы көптеген тұрғын үйді басып, көліктер жүрісін тоқтатты, сондай-ақ электр қуатын өшірді. Равалпиндиде су тасқыны салдарынан салынып жатқан көпір опырылып, 12 жұмысшы қаза тапты», - делінген хабарламада.

Солтүстіктегі Хайбер-Пахтунхва провинциясында да жауған жаңбыр, лай көшкіні мен найзағайдан кем дегенде 47 адам қаза тапты. Бірнеше апта бойы толассыз жауған жаңбыр жауып жатқан батыстағы Белуджистан провинциясы мен оңтүстік-шығыс Синдтің ауылдық аймақтарынан да адам шығыны туралы ақпараттар келіп жатыр.