Astana Hub қатысушылары IT саласында 20 мыңнан астам жұмыс орнын құрды

Автор: Azattyq Rýhy

7 мыңнан астам адам технопарк бағдарламасын өтіп, білімін жетілдірді

Фото ашық дереккөзден

Astana Hub қатысушылары IT саласында 20 мыңнан астам жұмыс орнын құрды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Технопарктің басқарушы директоры Алина Абдрахманова айтуынша, IT жоба – Орталы Азиядағы ең ірі халықаралық технопарктердің бірі. Технопрактың қызметі IT-бизнес үшін экожүйені қалыптастыруға, IT-таланттарды қолдауға және стартап жобаларды дамытуға бағытталған.

«Қазір Astana Hub-та 1 212 IT-компания тіркелген. Оларға ақпараттық-оқу, материалдық инфрақұрылым, бизнесті дамыту бағдарламалары, арнайы салықтық және визалық тәртіптер тұрғысынан қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда біздің бағдарламаларымыздан 7 мыңнан астам адам өтті. Технопарк қатысушылары IT саласында 20 мыңнан астам жұмыс орнын құрды. Astana Hub білім беру бағдарламаларының қызметі технологиялық кәсіпкерлікті танымал ету және технологиялық стартап құру үшін қажетті дағдыларды оқыту арқылы IT саласындағы қазақстандық таланттар пулын толықтыруға бағытталған», - деді ол.

Алина Абдрахманова берген ақпаратқа сәйкес, Astana Hub аясында іске асырылған білім беру бағдарламалары кеңсесі IT-экожүйеге жаңа таланттарды тарту, стартапшылар, фрилансерлер мен кәсіпкерлердің қоғамдастығын дамытуға қолайлы жағдай жасауда.  

Сондай-ақ ол технопарк қазақстандық әйелдерді қолдау бағытында жобаларды жүзеге асырып жатқанын айтты.

«Astana Hub ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп, IT саласында жұмыс істегісі келетін 2000 қазақстандық әйелді оқытады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде еңбекке жарамды жастағы 967 мың әйел болса, оның 34 пайызы жұмыс істемейді. Еңбекке жарамды жастағы әйелдердің 41,4 пайызы жоғары білімді», - деді ол.

Coursera компаниясы IFC және Еуропалық Комиссиямен серіктестікте жүргізген зерттеу барлық әйелдердің 45%, сондай-ақ бала күтіміндегі әйелдердің 60% онлайн оқыту мүмкін болмаса, оқуын кейінге

қалдыруға немесе тоқтатуға тура келетінін айтқан. Сондықтан да IT-Aiel бағдарламасы жұмыссыз әйелдер үшін маңызды және тиімді.

«Қазіргі уақытта IT-Aiel бағдарламасы бойынша No Code School, Freelance School, компьютерлік сауаттылықтың негізгі курстарына оқуға жұмыссыз әйелдерден, декреттік демалыстағы әйелдерден, студенттер мен 18 жастан асқан кәсіпкерлерден 2307 өтініш келіп түскен. Таңдалған қатысушылар 1 тамыздан бастап қазақ және орыс тілдерінде онлайн форматта жаңа ілімді меңгере бастайды», - деді ол.

Бақытжан Баймахан