«Астана жұлдыздары» әлемнің 16 елінен 800-ден астам шахматшының басын қосты
Елордада белгілі қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова ұйымдастырған «Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ең мықты шахматшылар марапаттарға ие болып, рекордтық 40 миллион теңге жүлде қорын өзара бөлісті. Айта кетерлігі, бұл сома аясында балаларға да, әйелдер мен шахмат ардагерлеріне де арнайы жүлделер қарастырылған.
Турнирдің А категориясы бойынша жеңімпазы - Үндістанның дарынды шахматшысы Адитья Миттал, ол 4 млн теңгенің сертификатымен марапатталды. Турнирдің күмісін украиналық гроссмейстер Александр Моисеенко (3,5 млн), ал Израиль спортшысы Евгений Алексеев (3 млн) қоланы қанжығасына байлады.
«Астана жұлдыздары» әлемнің 16 елінен 800-ден астам шахматшының басын қосты. Тіркелушілердің едәуір бөлігін балалар құрайды.
«Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен шахматшылар жиналып, өз білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды. Фестиваль барысында біз керемет ойын шайқастарының куәсі болдық, көптеген ойыншылар жаңа халықаралық стандарттарға ие болды, кейбіреулері гроссмейстер атанды. Бұл шынында да зерделіліктің, жеңістер мен жаңа жетістіктердің мерекесі болды. «Астана жұлдыздары» шахматтың түрлі жастағы, ұлт пен мәдениет өкілдерінің басын қосып, берік байланыс пен достық орната алатынының жарқын мысалы болды», - деді Динара Сәдуақасова фестивальдің жабылу салтанатында.
Фестиваль аясында төрт турнир өткізілді: ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасы Кубогының кезеңі, әуесқойлар, балалар және блиц-ойындар. Турнирлер фестивальдің барлық күндері өткізілді, ойындар 3-5 сағатқа созылуы мүмкін.
Фестивальдің жоғары мәртебеге ие болуы қатысушылардың деңгейіне ерекше мән береді. Астанада «рейтинг фавориттері» қатарында америкалық шахматшы, гроссмейстер Ханс Моке Ниманн, армян гроссмейстерлері Шант Саргсян және Мануэль Петросян, әйелдер арасындағы Азияның қазіргі чемпионы Дивья Дешмух ойнады. Үндістан, Израиль, Украина, Әзербайжан және басқа мемлекеттерден де мықты ойыншылар бар.
Қатысушыларды құттықтап, марапаттаған мәртебелі меймандардың қатарында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, Қазақстан шахмат федерациясының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен спортшылар және басқа да танымал тұлғалар болды.
Фестиваль инклюзияның нағыз мерекесіне айналғанын атап өткен жөн, өйткені оған ерекше қажеттіліктері бар балалар мен ересектер қатысты: тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру, есту қабілеттері нашар және басқа да диагноздары бар балалар.
«Астана жұлдыздарының» ерекшелігі мен маңызы «FIDE ұйымдастырушысы» атағына арналған семинар болды. Лектор халықаралық төреші, Канададан келген FIDE халықаралық ұйымдастырушысы Вадим Цыпин болды. Бұл - еліміздегі осындай алғашқы оқу-жаттығу, ол барлық FIDE стандарттарына сай әлемдік деңгейдегі шахмат турнирлерін өткізе алатын өз жеке кадрларын – қазақстандықтарды тәрбиелеуге бағытталған.
АТА-АНАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЮНИСЕФ ТРЕНИНГІ
Фестиваль аясында тек қатысушы балаларға ғана емес, олардың әкелері мен аналарына да арналған іс-шаралар өткізілді. Оның ішінде ата-ана мен бала қарым-қатынасына арналған тренинг бар.
Оны ЮНИСЕФ балаларды қорғау бағдарламасының үйлестірушісі Азамат Жаманчинов өткізді. Тренингке ұйымдастырушы, ЮНИСЕФ балалар қорының Ұлттық ізгі ниетті елшісі Динара Сәдуақасова қатысты.
Азамат Жаманчинов тыңдаушыларға позитивті ата-ана тәрбиесінің принциптері және балалармен сенімді қарым-қатынас орнату жолдары туралы айтып берді. Ол сондай-ақ зорлық-зомбылық тек физикалық және психологиялық емес, сонымен қатар баланың қажеттіліктерін елемеуді де қамтитыны туралы ақпаратпен бөлісті.
ГРОССМЕЙСТЕРДІҢ БАЛАЛАРМЕН БІР УАҚЫТТАҒЫ ӘСЕРЛІ ОЙЫН СЕАНСТАРЫ
Бір мезгілде ойын сеансы – бұл жарыстың әсерлі де қызықты форматы. Әдетте, бір мықты шахматшы әртүрлі тақталарда төменгі деңгейдегі бірнеше қарсыласқа қарсы ойнайды.
Динара Сәдуақасованың өзі, қазақстандық гроссмейстер, Азия ойындарының чемпионы, шахматтан ерлер арасындағы Қазақстанның үш дүркін чемпионы Мұртас Қажгалеев, белгілі украиналық гроссмейстер Виталий Бернадский, өтіп жатқан турнирлердің көшбасшыларының бірі, Беларусь елінен келген көрнекті гроссмейстер Владислав Ковалев балалармен ойнады.
Бұл әлемдегі ең мықты шахматшылармен ойында бағын сынаған балалар үшін ерекше тәжірибе болды.
Балалардың жалығып кетпеуі үшін ұйымдастырушылар олардың бос уақытын, алған әсерлерін де ойластырды. Ол үшін елорданың «визиттік карталары» орындарына экскурсиялар ұйымдастырылды. Олар – Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, ЭКСПО көрмесіне арналған «Нұр-Әлем» павильоны-сферасы, Океанариум және «Атамекен» этно-мемориалдық кешені.
«Астана жұлдыздары» халықаралық шахмат фестивалі қала тұрғындары мен қонақтары үшін Елорда күніне тарту ғана емес, бүкіл шахмат қауымы үшін ауқымды шара болды. Фестивальге қатысушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар спорттың осы түрін дамытуға серпін береді: олар жаңа энтузиастарды тартады және таланттар мен дарындыларды табуға мүмкіндік береді.