2024 жылы Түркістан қаласына «Түркі әлемінің туристік астанасы» мәртебесі берілуі мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірге 2022 жылы 470 мың турист келген

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірдегі туризм саласының дамуы туралы талқылау жиыны барысында биыл күзде Түркі мемлекеттері ұйымдарына мүше елдердің туризм министрлерінің қатысуымен маңызды жиын өткізу көзделіп отырғанын айтты. Ауқымды шарада 2024 жылы Түркістан қаласына түркі әлемінің туристік астанасы статусын беру қарастырылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуовтің мәлімдеуінше, облысқа 2022 жылы 470 мың турист келген. 2023 жылдың 5 айында көрсеткіш 100 мыңды құрап отыр. Статистика EQONAQ туристерді есепке алатын бірыңғай ақпараттық жүйесіне тұрақты түрде енгізіледі. Туристік компания мен қонақ үйлердің мәліметі бойынша наурыз, мамыр және тамыз айларында сұраныс жоғары.

Жыл соңына дейін 16 жоба және 20 оқиғалық туристік іс-шара өткізу жоспарлануда. Әуе рейстерінің аясын кеңейту қолға алынды. Өзбекстан Республикасымен туризмді дамыту келіссөздері жүргізілуде. Қазақстанның өзге де аймақтарымен ынтымақтастық орнатылады.