Олардың барлығы аман-есен, зардап шеккендер жоқ
Испания құтқарушылары Африкадан келген 86 заңсыз мигрант мінген қайықты тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, қайық Гран Канария аралынан оңтүстікке қарай шамамен 130 шақырым жерде ұсталған.
«Кеме бортынан Канар аралдарының жағалауына жетуге тырысқан 80 ер адам мен 6 әйел табылды. Олардың барлығы аман-есен, зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.
Бір қызығы, заңсыз мигранттар отырған қайық кездейсоқ табылған. Испан құтқарушылары бортында шамамен екі жүз мигрант отырған басқа қайықты іздеп жүрген.
Испандық БАҚ-тың хабарлауынша, соңғы бірнеше аптада африкалық мигранттар мінген кейбір қайықтар Канар аралдарына жете алған. Олар негізінен Сенегалдан келген мигранттар екені белгілі.
Еске салайық, Сенегалдан Испанияға тиесілі Канар аралдарына қарай бет алған үш қайық Атлант мұхитында жоғалып кеткенін хабарлаған болатынбыз. Үш қайықтың бортында шамамен 300 адам болған.