Су тасқыны үйлер мен жүк көліктерін шайып кетті
Үндістанның солтүстік аймағында жұмадан бері жауған муссондық жаңбыр салдарынан кем дегенде 28 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
The Times of India басылымының жазуынша, жаңбыр су тасқынына, көшкінге ұласып, ел астанасы Делидегі бір аудандағы (оған Жаңа Дели кіреді), сондай-ақ Химачал-Прадеш, Уттаракханд, Пенджаб, Харьяна, Раджастхан штаттарындағы кей ғимараттардың құлауына себеп болды.
«Тау етегіндегі Рави, Беас, Сутлеж және Ченаб өзендері тасыды. Жаңбырдан туындаған көшкін мен су тасқыны бірнеше ауданның тіршілігін тоқтатып тастады. Сондай-ақ Химачал-Прадеш штатында күрделі жағдай қалыптасты», - делінген хабарламада.
Су тасқыны үйлерді, дүкендерді, жеңіл және жүк көліктерін шайып кетті.
Өзен деңгейі қауіпті деңгейге дейін көтерілген көршілес Уттаракхандта да көшкін мен су тасқыны болған.