Перуде сирек кездесетін ауруға байланысты төтенше жағдай жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Жергілікті дәрігерлер аурудың таралу себептерін әлі анықтай алған жоқ

Фото ашық дереккөзден

Перуде Гийен-Барре синдромы көптеп анықталуына байланысты ұлттық денсаулық сақтау саласында 90 күндік төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ресми үкіметтік El Peruano газетінің хабарлауынша, Перу денсаулық сақтау министрі Сезар Васкес Санчес бірінші кезекте иммуноглобулиннің 5 мың ампуласын шұғыл түрде сатып алынатынын мәлімдеген.

«Бұған дейін иммуноглобулинді қымбаттығына және маңызды дәрі-дәрмектер тізіміне кірмейтініне байланысты сатып алу мүмкін болмады, енді дәрінің бұл қоры пациенттерді екі жыл бойы тегін емдеуге жеткілікті болады», - деді ол.

Перу денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылдың мамырындағы жағдай бойынша елде Гийен-Барре синдромының 190-ға жуық жағдайы анықталғанын, оның төртеуі өліммен аяқталғанын атап өтті. 147 науқас сауығып, 31 науқас емделуді стационарда жалғастырып жатыр.

Жергілікті дәрігерлер аурудың таралу себептерін әлі анықтай алған жоқ. Аурудың өршуіне асқазан-ішек жолдарының инфекциясы себеп болуы да мүмкін, өйткені кейбір науқаста алддымен аяқ-қолдың сезімталдығы жоғала бастаған.

Гийен-Барре синдромы (GBS) - адамның иммундық жүйесі өзінің перифериялық жүйке талшықтарына шабуыл жасайтын сирек жағдай. Синдром кез келген жастағы адамда пайда болуы мүмкін, дегенмен ересек ер адамдарда жиі кездеседі. Көбінесе бұл шала піскен ет тағамдарында, әсіресе құс етінде болатын инфекциядан туындайды.