$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мәслихат депутаттары көтерген мәселелер бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс жүргізіледі – Аймағамбетов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Денсаулық сақтау министрлерінің депутаттармен кездесуі болды

Мәслихат депутаттары көтерген мәселелер бойынша Үкіметпен бірлесе жұмыс жүргізіледі – Аймағамбетов
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» форумы аясында Мәслихат депутаттары мен Үкімет мүшелері арасында тікелей диалог орнату мақсатында арнайы панельдік сессияны жүргізген Асхат Аймағамбетов көтерілген мәселелер бойынша алдағы уақытта жұмыстар жүргізілетінін айтты,  деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қатысқан сессияда мәслихат депутаттарымен кездесу қызықты әрі тартысты өтті», - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Депутаттар МӘМС проблемалары, МСЭК-ті жеңілдету, энергетиктер мен букмеккерлік кеңселер бойынша өткір сұрақтар қойып, халық саны 150-ден аз елдімекендерде травмпункттерді ашу, 18 жастан асқан ДЦП-сы бар азаматтарға оңалту қызметін әрі қарай беру бойынша және басқа да ұсыныстарын жеткізген. 

Мәжіліс депутатының айтуынша, сессия барысында аталған саладағы біраз кемшіліктер туралы да сөз болды.

«Мәселен, ауруханалардағы қызметтің МӘМС бойынша қолжетімсіздігі, жедел жәрдемнің жұмысын облыс деңгейінде орталықтандырудың тиімсіздігі, техникалық қызметкерлердің төмен жалақысы, әлеуметтік маңызы бар жобаларда мемлекеттік тапсырыс үйлестірудегі олқылықтар туралы айтылды.

Осы тұрғыдан қарағанда кездесу пайдалы әрі нәтижелі болды. Барлық сұрақтарды хаттамаға енгіздік. Енді Үкіметпен бірлесе осы көтерілген сұрақтар мен ұсыныстар бойынша жұмыс жүргізіледі», - деді А. Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары