Ол кез келген реформа құндылықтардың өзгеруі жолында жүзеге асатынын айтты
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алғашқы республикалық форумында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бүгінде елімізде бірқатар нысаналы реформалар жүзеге асырылып жатыр. Саяси жүйе қайта қаралды. Мемлекеттік жұмыстардың мәртебесі түбегейлі өзгерді. Бірақ құндылықтар өзгермейінше, реформалардың толыққанды іске аспайтынын түсінуіміз керек. Мемлекет пен қоғам жаңа сатыға көтерілуі үшін халықтың санасы өзгеруі қажет», - деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші атағандай, Президент саяси жобалар мен мемлекеттік институттардың жұмысын түбегейлі өзгертті.
«Біз инклюзивті ашық қоғам қалыптастыруға ұмтыламыз. Бірақ оны жүзеге асыру үшін қоғамның, азаматтың өзі өзгеруді қажет етуі керек. Ол үшін жауапкершілігі жоғары, саяси мәдениет қалыптасуы қажет. Біздің алдымызда құндылықтар мен саяси көзқарастарды қалыптастыратын өте үлкен, ауқымды жұмыстар тұр. Президент атап өткендей, құндылықтарды арнайы жарлықпен, қаулымен немесе заңмен жасанды өзгерту мүмкін емес, оны қоғам мен мемлекет бірлесіп қана жүзеге асырады. Біз тек кейбір басым бағыттарды ғана көрсете аламыз. Ал ұлттың жаңа сапасы біртіндеп және нақты қадамдар арқылы қалыптасады. Сондықтан Президент экономика, саясат, идеология саясатындағы реформаларды бір-бірімен үндестіріп жүзеге асыру қажетін айтады. Біз мемлекттік инстиуттарды нығайту, қоғамдық ортақ жұмыстарға жұмылдыру, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру арқылы елімізді жаһандық сын-қатерлерге төтеп беруге дайындаймыз», - деді Мемлекеттік кеңесті Ерлан Қарин.