Бұл - 5 жылдағы көрсеткіш
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің басты жетістіктері, сондай-ақ 2022 жылдың және биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ол 5 жылда Түркістан облысы қалай дамып жатқанына тоқталды. Өңірді дамыту үшін инвестиция тарту және жаңа кәсіпорындар ашуға басымдық берілгенін атап өтті.
«Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толды. Облыс орталығы – Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бағытында қабылданған шаралар өңір экономикасының дамуына тың серпін берді. Экономиканың басты көрсеткіші жалпы өңірлік өнім көлемі 5 жылда 2 есе өсіп, 3,5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2 есеге артып, 867 млрд теңгені құрады. 2018-2022 жылдар аралығында Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 56 млрд теңгеге 43 жоба іске асырылып, 2834 жаңа жұмыс орны құрылды», - деді ол.
Әкім атағандай, облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі.