Халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған журналистердің жауапкершілігі зор – Президент

Автор: Azattyq Rýhy

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады

«Мемлекет саяси реформалар аясында сөз бостандығын қорғау үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр». Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Азаматтардың ақпаратты еркін алуы, пікірін ашық жеткізуі, ой еркіндігі – Әділетті Қазақстанның айқын көрінісі. Елімізде қаламын қаруына айналдырған тілшілер аз емес. Кейде олардың жазған мақаласынан, дайындаған репортажынан кейін өзекті мәселелер жедел түрде шешімін тауып жатады. Ондай тілшілерді Адал азаматтар десек, артық болмайды. Мен бұл туралы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айттым», - деп атап өтті ол.

Президент сондай-ақ жалған, фейк ақпарат таратып, жұртты дүрліктіретін адамдар бар екенін, ал журналистер әрдайым төтенше оқиғалардың алдыңғы шебінде жүретінін айтты.

«Олар пандемия кезінде, Қостанай, Абай облыстарындағы табиғат апаты болған кезде жедел ақпарат таратты. Кейде жеке басына қауіп төнсе де, елге хабар жеткізді. Бұл – патриотизмнің, кәсіпке адалдықтың шынайы көрінісі. Біз елімізді өркендету үшін ауқымды шараларды қолға алдық. Әрине, атқаратын жұмыс, еңсеретін кедергі аз емес. Дегенмен осы жұмысты, оның нәтижесін халыққа сауатты әрі уақытылы түсіндіру маңызды. Сонымен қатар азаматтардың көкейінде жүрген өзекті мәселені, түрлі түйткілді билікке жеткізу де – тілші қауымның міндеті. Осылайша, біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыра аламыз. Сондықтан халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған медиа саласының мамандарына зор жауапкершілік жүктеледі», - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан Орталық Азия аймағында көшбасшы мемлекетке айналды.

«Біз көптеген салалар бойынша алда келеміз. Бірақ тоқмейілсіп отыруға болмайды. Біз бір ел болып табанды еңбек етуіміз керек. Қазақстан озық елдермен қатар тұратын бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуы қажет. Осы міндетті жүзеге асыру жолында сіздердің, яғни журналистердің рөлі айрықша. Медиамамандары халыққа шынайы ақпарат беріп, еліміздегі ахуалды азаматтарға жан-жақты түсіндіріп отыруы керек. Бұл – аса маңызды міндет. Қазір отандық ақпарат құралдарының халықаралық деңгейде белсенділік танытатын кезі келді. Аталған міндетті іске асыру үшін жаңа медиа менеджмент, шетелден ақпарат тарататын білікті журналистер, тың технология және сапалы инфрақұрылым қажет. Бұл – уақыт талабы. Оны орындауымыз шарт. Осы ретте әлемдік медиа корпорациялардың оң тәжірибесін ескерген жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің өсіп-өркендеуі тек Үкіметке немесе жалпы билікке байланысты емес екеніне тоқталды.

«Халқымыз «Кемедегінің жаны бір» дейді. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Мемлекетіміздің дамуына әр азаматтың үлес қосуы аса маңызды. Бұл – өте қарапайым әрі өзекті формула. Сондықтан тілші қауымның да, қатардағы азаматтың да, Президенттің де мақсаты – ортақ, мүддесі – бір деп ойлаймын. Бұл – тәуелсіздігімізді нығайту, елімізді көркейту. Осы міндетті жүзеге асыру үшін елімізге адал еңбек ету – парыз!» - деді ол.