Әділет министрі заңсыз активтерді елге қайтару туралы айтты
Заң олигополияға қарсы жұмыс істейді

Әділет министрі Азамат Есқараев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте заңсыз активтер туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Министр ел басшылығының ерекше бақылауында заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселесі тұрғанын жеткізді.
«Тиісті заң жобасын Парламент Мәжілісінің депутаттары әзірледі. Заң жобасының негізгі мақсаты – ҚР аумағында да, одан тыс жерлерде де заңсыз иемденілген активтерді қайтару үшін заңнамалық параметрлерді айқындау, сондай-ақ оларды заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал еткен жағдайларды жою. Заңға жеке және заңды тұлғалардың шектеулі тобы жатады деп болжанып отыр», - деді ол.
Министр атағандай, активтерді қайтару жөніндегі шаралар тізбесі заңда белгіленетін субъектілермен үлестес тұлғаларға қолданылады.
«Осылайша, заң ірі сыбайлас жемқорлыққа (grand corruption) және республикалық және жергілікті деңгейлердегі әкімшілік-билік ресурстары субъектілерімен біріктірілген олигополиялық топтарға қарсы пәрменді шаралар енгізеді», - деді Есқараев.