«Жастар Рухы» ЖҚ төрағасы волонтерлерді бүгінгі күннің батырлары қатарына қосу керек екенін айтады
«Мейірімділік пен жанашырлықтың символы болған волонтерлер – қоғамның ажырамас бөлігі». Осылай деген «AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев Мемлекет басшысы қатысқан Халықаралық волонтерлер форумының сессиясына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен және шетелдерден еріктілер мен қонақтар жиналды. Бұл еріктілер үшін біліктілік жинап, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Жиын барысында Президент волонтерлердің атқарып жатқан табанды жұмыстарын жоғары бағалайтынын, олардың барлық дерлік бастамаларын қолдайтынын айтып өтті. Мәселен, ерекше еңбегімен көзге түскен белсенді жастарды «Шапағат» медалімен марапатталатын болады дейді. Бұл жақсылық істеуге, ізгілікке асық жастарға стимул боларына сенімдімін. Қазақстан халқы мен қоғам үшін атқарылатын игі істердің тиісті бағасын тауып, еріктілердің еңбегін ескеру маңызды», - деді «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы.
Ол қазақ жастарының әрдайым көмек қолын созып, жәрдемдесуге асығып тұратынын, бүгінгі күннің батырлары саналатын өрт сөндіруші, дәрігер немесе басқа да азаматтар қатарына міндетті түрде ерікті жастарды қосу керек екенін де атап өтті.
«Осы атаққа лайықты рухты азаматтар біздің ортамызда жүр. Еліміздегі ең ірі жастар ұйымы ретінде еріктілермен тікелей жұмыс жасайтындықтан, олардың адал еңбек, нағыз маңдай термен, жүрекпен беріле істейтін істеріне куәмін. Ел басына күн туғанда жұртым деп жұмыла қызмет етуден тайсалмайтын рухты волонтерлер әрдайым алдыңғы қатардан табылып келедіа. Арыс пен Мақтааралдағы төтенше жағдайлар, әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясы, Қостанайдағы және Абай облысындағы өрт кездерінде гуманитарлық көмек жинап, халықты жұмылдыра білді. Кей уақыттарда құрылыс жұмыстарына да атсалысты. Бұлар – волонтерлер жасап жатқан жұмыстардың бір бөлігі ғана. Одан бөлек, қарттарға көмек, балалармен уақытты тиімді өткізу, экологиялық бағыттағы түрлі жобаны атқарады», - деді Нұржан Жетпісбаев.
Тақырыпқа орай: Президент еріктілік дәстүрін нығайтатын бірнеше шара қабылдауды ұсынды
Ол «Жастар Рухы» Жастар қанаты да еріктілермен кері байланыс орнатып, еңбегін бағалауды ұмытпайтынына тоқталды.
«Жыл сайын өтетін «Жастар Рухы» Жастар қанаты ұйымдастыратын «Рухтастар» жастар сыйлығында түрлі бағыттар бойынша номинация мен жүлделер тағайындап, марапаттауды қолға алдық. Тұрақты түрде өтетін жастар сыйлығының, халықаралық форумдар мен шаралардың артарына сенімдіміз», - деді Н. Жетпісбаев.