Сапаров СҚО бюджетіне қанша қаржы тартылғанын айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Облысқа 109 млрд теңге инвестиция тартылған

Фото ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров Орталық коомуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жыл басынан бері облыс экономикасына 104% өсіммен 109 млрд теңге тартылды. Негізгі үлес (88,6% немесе 96,9 млрд теңге) жеке инвестицияларға тиесілі.Жыл соңына дейін 25% өсіммен 496,5 млрд теңге тарту жоспарлануда. Экономиканың негізгі салаларында жобалар пулдары қалыптастырылды, 2019 жылдан бастап «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді, онда инвесторлардың жұмысы үшін қолайлы жағдайлар жасалған. АЭА-ның 11 қатысушысы тіркелді. Оның 4-і өз жобаларын жүзеге асыра бастады. Тағы бесеуі жыл соңына дейін басталады», - деді Сапаров.

Ол облыста 36 көпқабатты тұрғын үй салынып жатқанын, оның ішінде 16-ы коммерциялық нысан екенін айтты.

«Биыл тұрғын үйді іске қосу жоспары – 300 мың шаршы метр. Жыл соңына дейін 3 мыңнан астам отбасы пәтер кілтін алады. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 702 пәтер бар. Оның 140-ы жетім балалар.Біздің өңірдегі автомобиль жолдарының желісі 9 мың шақырымды құрайды және елімізде ұзындығы бойынша екінші орында. Биыл Петропавлдағы жолдарды орташа және ағымдағы жөндеуге бұрынғыға қарағанда 12 есе көп қаражат бөлінді. Кем дегенде 25 көше жөнделуде. Жалпы облыс бойынша жыл соңына дейін 715 км жол, оның ішінде 110 км – республикалық маңызы бар, 480 км – жергілікті және 115 км – 47 ауылда кентішілік жолдар ретке келтірілетін болады. Осы мақсатқа 40 млрд теңге бөлінді», - деді Сапаров.