Екі күн бұрын радардан көрінбей кеткен сүңгуір қайыққа қатысты тың деректер жарияланды
Канаданың Ньюфаундленд жағалауында екі күн бұрын су астындағы «Титаник» қалдығына бет алып, артынша радардан жоғалып кеткен туристік сүңгуір қайыққа қатысты тың деректер мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Америкалық жағалау күзеті қайықпен байланыстың жексенбі күні таңертең үзілгенін хабарлады. Сол кезде қайықтың суға түскеніне 1 сағат 45 минутқа болған екен. Оны іздеуге мемлекеттік қызметтер ғана емес, жеке компаниялар да қосылды.
«Біз экипаж мүшелерінің қайтып оралуын қамтамасыз етуге тырысамыз», - деді жоғалған сүңгуір қайықтың тиесілі OceanGate Expeditions өкілдері.
АҚШ жағалау күзетінің контр-адмиралы Джон Маугердің айтуынша, екі ұшақ пен бір сүңгуір қайық жоғалған қайықты іздеп жатыр. Сондай-ақ ол іздеу аймағының құрлықтан біршама алыс болуы операцияны қиындатып отырғанын айтты.
Жоғалған сүңгуір қайықтың бортында әдеттегідей бес адам – ұшқыш, үш турист және гид болған. Олардың аты-жөні хабарланған жоқ. Алайда журналистер суға батқан «Титаниктің» қирандыларын тамашалауға кеткен туристердің бірі 59 жастағы британдық миллиардер әрі зерттеуші Хамиш Хардинг екенін анықтаған. Біріншіден, мұны оның отбасы растаса, екіншіден, Хамиш Хардингтің өзі әлеуметтік желілерде алдағы күндері 1912 жылы «Титаник» суға батқан Атлант мұхитының түбіне сүңгуді жоспарлап отырғанын жазған.
«Ньюфаундлендтегі соңғы 40 жылдағы ең қолайсыз ауа райына байланысты біздің саяхатымыз 2023 жылғы «Титаникке» алғашқы және соңғы сапар болуы мүмкін», - деп жазған Action Aviation халықаралық авиакомпаниясын басқаратын британдық миллиардер сенбі күнгі жазбасында.
Сол күні сәл кейінірек ол «күн райы енді ғана ашылды, ертең туристер су астына саяхат жасауға шығады» деп қосқан.
Сарапшылар туристік суасты кемесінің мүшелерінде 96 сағатқа жететін оттегінің 60 сағаттық қана қоры қалғанын айтады.