Атырауда кірістер басқармасы кәсіпкерден 41,8 млн теңгені негізсіз өндіріп алған

Автор: Azattyq Rýhy

Іс жүзінде ешқандай дебиторлық берешек болмаған

Фото ашық дереккөзден

Атырауда кірістер басқармасы кәсіпкерден 41,8 млн теңгені негізсіз өндіріп алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша депратаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, серіктестіктің бірінің басшысынан шағым түскен.

«Серіктестік басшысы басқа кәсіпорын алдындағы дебиторлық берешекті өтеу үшін ЖШС шотынан 41,8 млн теңгені негізсіз өндіріп алған Атырау қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының заңсыз әрекетіне шағымданды. Іс жүзінде ешқандай дебиторлық берешек болмаған. Шенеуніктердің заңсыз әрекетінің нәтижесінде кәсіпкер 42 қызметкерге жалақы, салық төлей алмаған. Келісімшарт міндеттемелерін орындай алмағаны анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Осыған орай жергілікті Антикор қызметі мемлекеттік кірістер департаменті мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығымен кездесу ұйымдастырды.

Кездесудің нәтижесінде заңсыз алынған қаражатты қайтару жөнінде оң шешім қабылданды. Қазір кәсіпкерге қаражатты қайтару рәсімі жүргізіліп жатыр.