Өрттің шығу себебі анықталып жатыр
Ақмола облысында Қорғалжын қорығы аумағында қамыс өртеніп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, өрт Шалқар ауылынан 25 шақырым жердегі Сарыкөл көлі аумағындағы аралда болды. Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамынан 8 адам, 2 техника, 2 жүзу құралы, сондай-ақ Қорғалжын қорығының 27 қызметкері мен 11 техникасы тартылды.
«Батпақ, екпінді жел және техника жүретін жолдың жоқтығы өртті сөндіруге біраз қиындықтар келтіруде. Осыған байланысты Целиноград ауданынан қосымша күштер тартылмақшы», - деді ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығы Нұрлан Күлбаев.
Ведомствоның баспасөз қызметінен атап өткендей, қызыл жалын 125 гектар аумақты шарпыған. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Елді мекендерге қауіп жоқ.