Ұлттық қордан балаларға берілетін төлемге инфляция әсер етпейді

Автор: Аягөз Құрмаш

Себебі ол доллармен жинақталады

Фото ашық дереккөзден

Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков Ұлттық қордан бөлінетін қаржы доллармен жиналатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Осы заң жобасын қарастырғанда инфляция мәселесін қарастырдық. Ақша доллармен жиналады. Ең бастысы (Ұлттық қорда балаларға – автор) жинақталған қаражат доллармен беріледі, яғни 18 жасқа толғанда балалар ақшаны доллармен алады. Сондықтан қандай да бір инфляция болмайды», - деді Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.

Ұлттық банк өкілі Әлия Молдабекова атағандай, төлем доллармен жиналатынын айтты.

«Қаржы министрлігіндегі әріптесім айтқандай, біз Ұлттық қор қаражатын долларда ұстаймыз. Әрине, АҚШ долларының инфляциясы ҚР инфляциясынан төмендеу. АҚШ долларының инфляциясы 2 пайыздан 4 пайызға дейін шамасында болады. Сол себепті ҰҚ-ның кірістілігін біз сол АҚШ долларының инфляциясымен салыстырамыз», - деді ол.

Еске салсақ, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.