Ақмола облысында ЖШС қызметкері 34 млн теңгені жаратып жіберді деген күдікке ілінді

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды

Фото ашық дереккөзден

Ақмола облысында Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қызметкеріне 34 млн теңгені ысырап етті деген күдік келтіріліп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

9 маусым күні Аршалы аудандық полиция бөліміне жергілікті серіктестіктердің бірінің басшысынан қаржының заңсыз шығындалғаны туралы хабар түсті.

Кәсіпкердің хабарлауынша, 2022 жылдың 1 қарашасынан бастап, бүгінге дейін қаржыға жауапты қызметкерлердің бірі 34 млн теңгені жаратып жіберген.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 189 бабының 4 бөлігі бойынша «Сеніп тапсырылған мүлікті ұрлау немесе ысырап ету» сотқа дейінгі тергеу басталды.

Тергеу барысында күдіктінің шетелден асыл тұқымды мал сатып алу үшін бөлінген ақшаның тек жартысын ғана төлегені анықталды. Қалған ақшаны өз қажетіне жаратып жіберген. Қазіргі таңда оның осы іске қатыстылығы нақтыланып жатыр және өзге де тергеу шаралары жүргізілуде.