Жобаның құрылысы 2010 жылы басталған
«Қоғамдық бақылау» заңына сәйкес, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың жұмысына қоғамдық бақылау тетіктерін қалыптастыру мақсатында «AMANAT» партиясының фракция депутатары Астанадағы ЖЭО-3-тің құрылысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкімет нысан құрылысын қаржыландыру үшін қаражат бөлді. Қазір құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бір топ Мәжіліс және мәслихат депутаттары құрылыс барысымен танысты.
Жобаның бас мердігері - «ЦЕНТРКАЗЭНЕРГОМОНТАЖ» АҚ. Жобаның құны 122 млрд теңгені құрап отыр. Алайда жобаның құрылысы 13 жылға созылып жатқанын айта кету керек.
Қондырғылар да қаражат бөлінген сайын сатып алынып отырған. Мердігерлердің айтуынша, жобаға қаражат мемлекет тарапынан тұрақты бөлінбегендіктен құрылыс жылдарға созылып отыр. Қазір жобаның құны 158 млрд теңгеге көбейтілді. Себебі құрылыс материалдарының қымбаттауы 36 млрд теңгеге саналып отыр. Техникалық аудиттің мәліметінше, құрылыс 83 пайызға орындалған.
Құрылыстың басында жүргендер екі қазандық қазан айында іске қосылатынын айтады. Қазір өндіріс орнында 602 адам қызмет етіп жатыр.
«ЖЭО-3 құрылысының аяқталуын мемлекет пен елорда тұрғындары күтіп отыр. Себебі, қыс кезінде тұрғындар жылу тоқтаусыз берілгенін қалайды. Нысанға біз жауапты екенімізді түсінеміз. Барлығы қаржыландыруға тәуелді екенін білеміз. Биыл Мемлекет басшысы нысанның қаржыландыруын мемлекет жүзеге асыратынын айтты. Бізде оны тапсырмаудан басқа нұсқа жоқ. Сондықтан, ЖЭО-3 пайдалануға толық тұрғыда желтоқсан айында беріледі. Оған дейін қазандықтар кезеңдеп іске қосылып отырады. Алғашқы екі қазандық қазан айында іске қосылады», - дейді мердігер компанияның өкілі.
Өз кезегінде құрылыс барысымен танысқан депутат Ерлан Саиров жұмыстардың дайындығын 90 пайызға бағалай алмайтынын айтты.
«Астанадағы жағдай мүшкіл болғандықтан ЖЭО-3-тің құрылысын тексеріп жүрміз. Бұл жерде мәселе өте көп. Себебі, құрылыс 2010 жылы басталған. Мердігер компания жұмыстар 90 пайызға дайын деп отыр. Алайда 90 пайызға жетпейтін түрі бар. Қазан айына дейін барлық жұмыс бітеді деп отыр. Бүгінде барлық қазандықтардың барлығы жеткізіліп, жылу құбырлары қаланың негізгі магистраліне қосылған деп отыр. Оның барлығын уақыт көрсетеді. Қазан айында оны келіп тағы да қадағалаймыз», - деді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.
Депутаттың пікірінше, дайындық әлі күнге дейін қажетті деңгейде емес.
«Қабылдап алған ұйымдардың өзі нысанды толық мемлекеттік қабылдауға алмағанын айтты. Сондықтан бақылау бойынша жүзеге асыруды жалғастырамыз», - деді ол.
Еске салсақ, «ЦЕНТРКАЗЭНЕРГОМОНТАЖ» акционерлік қоғамы - Қазақстан Республикасының отын-энергетикалық кешендерін салу жөніндегі жетекші кәсіпорын. Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәлік 2004 жылы берілген. Қоғамның басым міндеті - Астананың ЖЭО нысандарын салу және реконструкциялау.