Роман Скляр Алматы облысының радиалды жолдар жобасымен танысты
Үлкен Алматы айналма Алматы айналма автомобиль жолының жалпы құны 60 миллиард теңгеден асады. Ал жуырда пайдаланылуға берілетін жолмен жүру құны төмендетілді. Бірақ тарифтің қанша пайызға төмен бекітілгені әлі толық нақтыланбады, деп хабарлайды Azattyq ruhy тілшісі.
Жолдың жағдайымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр танысты.
Ол ҮАААЖ жобасымен және осы жолға байланыстырушы 6 радиалды жолдың жобасы қарап шықты. Алматы облыстық автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амангелді Аппақовтың айтуынша, Абай, Саин, Рысқұлов, Ақын-Сара, Солтүстік жарты айналма жолдарын ұзарту және кеңейту Алматыдағы кептелісті азайту мақсатында жасалып жатыр. Бұл жолдар кеңейтіліп келіп, ары қарай ҮАААЖ-ның үстінен өтетін көпірге жалғасады. Бұдан бөлек, радиалды жолдың бесеуінде көбелек іспетті айналма жол болады. Оның техникалық-экономикалық негіздемесін Алматы облысының әкімдігі дайындаған. Аталған жол арқылы жүргізушілер ҮАААЖ-ға түсуге мүмкіндік алады және сол қиылысқан тұста төлемақы терминалдары орнатылады.
«Биылғы жылдың ақпан айында Қарасай ауданы Ақын-Сара көшесі бойынша жобалық-сметалық құжаттың оң сараптамасы алынған. Құрылыс-монтаждау жұмысына бюджеттік өтінім ендігі жылға беріледі. Көшенің ұзындығы 5,5 шақырым.
Қазіргі таңда Қарасай ауданының Абай көшесі арқылы ҮАААЖ-дан және Ақсай өзенінен өтетін жолдың 70 пайызының құрылысы мен жер жұмыстарының 40 пайызы аяқталған. 3,39 шақырымға созылған көше Райымбек ауылы арқылы өтпек», - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Осы ауданның 4,5 шақырымға жалғасқан Рысқұлов көшесі бойынша да дәл осындай жұмыстар өз межесіне жеткен. Бұл көше Кемертоған ауылын басып өтеді. Ал Жармұхамбет, КазЦИК ауылдарынан өтетін Саин көшесіндегі құрылыс жұмыстары 30 пайызға орындалған. Көшенің ұзындығы 6 шақырымнан астам.
7,9 шақырымдық Тілендиев көшесі бойынша суқұбырларын жүргізу жұмыстары жасалып жатыр. Бұл көше Іле ауданындағы Жәпек батыр арқылы өтпек. Ал Іле ауданындағы Солтүстік жарты айналма көшесінің ұзындығы 8,1 шақырым болмақ. Қазіргі таңда 60 пайыз құрылыс жұмысы аяқталған. Аталған көше Қоянқұс 2 елдімекеніне өтеді.
«Барлық радиалды жолдың жоба құны 60 млрд теңгеден астам. Сондай-ақ, кездесу барысында ҮАААЖ арқылы өтудің тарифі тағы да талқыланып, оны төмендету мәселесі қарастырылды», - деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.