Сондай-ақ, тұрғын үйлерді тексеру кезінде 12 келі бекіре тұқымдас балық тәркіленді
Атырауда екі айда мейрамханалардан 73 келі бағалы бекіре тұқымдас балық табылды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департаменттің мәліметінше, 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында өткізілген «Бекіре» жедел профилактикалық іс-шарасына 21 қызметкер тартылған.
«Атырау облысында Исатай, Құрманғазы және Жылой ауданы Каспий теңізіне таяу орналасқан. Жайық-Каспий су айдындарында бағалы бекіре балығын заңсыз аулау, сақтау деректері азаймай отыр. Осыған байланысты департаменттің балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері ұдайы рейд өткізеді. Полиция қызметкерлері 1 сәуір-31 мамыр аралығында Каспий теңізінен заңсыз балық аулаушылар мінген 3 қайықты ұстады. Заң бұзушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу тобына тапсырылды. Сондай-ақ, тұрғын үйлерді тексеру кезінде 12 келі бекіре тұқымдас балығы тәркіленді. Ал, мейрамханаларды тінту барысында 73 келі бекіре балығы табылды», -делінген хабарламада.
Полиция департаментінен «Бекіре» іс-шарасына 8 автокөлік, 7 су қайығы тартылған. Жайық өзенінің Атырау қаласы аумағындағы бөлігінде құқық бұзушылықты анықтау үшін 1 қайық бөлінген.