Сондай-ақ, ол 8 жылға бөлік басқару құқығынан айырылды
Ақмола облысында патрульдік полиция инспекторына пара ұсынған жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты. Сот ер адамға 465 мың теңге айыппұл, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан, 8 жылға көлік басқару құқынан айыру жазаларын тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотта анықталғандай, сотталушы түнде мас күйінде автомашинаның жарық шамдарын қоспай, қала ішінде жүрген. Сол себепті, оның көлігін патрульдік полиция инспекторлары тоқтатқан.
Ер адам жіберген заң бұзушылықтар үшін жауапқа тартылатынын және көлік құралдарын басқару құқығынан айырылатынын түсініп, жасаған әрекеттері үшін жауаптан құтылу үшін инспекторға ақша ұсынған.
«Лауазымды адамға пара бергені үшін қылмыстық жауапкершілік туралы бірнеше рет ескертулерге қарамастан, сотталушы патрульдік көліктің ішіне 31 000 теңге ақша салды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері оның заңсыз әрекеттерін тіркеп, жедел бөлімге хабарлады. Қылмыстық іс сотқа іс жүргізу келісіммен түсті. Сотталушы кінәсін толық мойындады», -деді ведомстводан.
Сот үкімімен ер адам лауазымды адамға пара бергені үшін Қылмыстық кодекстің 367-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 465 000 теңге мөлшерінде 15 еселенген пара сомасында айыппұл тағайындалды. Алынған пара сомасы мемлекет кірісіне аударылды.
«Бұдан басқа, ер адамға қатысты жол ережелерін бұзғаны және полиция қызметкерінің мас күйіне куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамағаны үшін әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы екі хаттама жасалды, олар бойынша оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу, көлік құралын басқару құқығынан 8 жылға айыру және айыппұл тағайындалды», - деп толықтырды ведомстводан.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.