Алматыда тұрғындар шағымынан кейін Арбат аумағын тексеру жұмыстары басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Бір күнде тыныштықты бұзған 18 мопед жүргізушісі полицияға жеткізілді

Фото ашық дереккөзден

Алматы полициясы Арбат маңындағы тұрғындар шағымынан кейін тыныштықты бұзу деректері бойынша профилактикалық іс-шараларды күшейтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қалалық ПД атап өткендей, біраз уақыттан бері жаяу жүргіншілер аймағы азаматтардың сүйікті демалыс орнына ғана емес, мопед жүргізушілерінің де бас қосатын орнына айналған.

«Ал әрбір жиналған сайын қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын бұзу қатар жүреді. Бұл факторлар жергілікті тұрғындардың орынды наразылығын тудыруда. Белгіленген аумақта жаяу патруль, іргелес аумақта автокөлік патрульдері күшейтілді. Мәселен, өткен түнде ғана полицияға Арбатта тыныштық бұзу бойынша бес дабыл келіп түскен. Мопед мінген 18 жүргізуші шара қолдану үшін полицияға жеткізілді. Олар ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы және ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. 5 күнде Арбаттан тәртіп бұзған барлығы 63 мопед жүргізушісі Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді», – деді Алматы қалалық ПД жедел басқару орталығы бастығының орынбасары Данияр Тасубаев.

Жыл басынан бері ЖҚЕ бұзғаны үшін 4748 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.