Наразылық білдірушілер арасында кем дегенде 50 адамның жараланғаны хабарланды
Косовоның солтүстігіндегі Сербиямен шекаралас Звенчан қаласында жаппай тәртіпсіздік болып, халықтың басым бөлігін құрайтын серб тұрғындары албандық мэрдің отставкаға кетуін талап етіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Косово полициясы мэрия ғимаратына кіретін жолды жауып тастады. НАТО контингенті бастапқыда полиция мен сербтік наразылық білдірушілер арасындағы қақтығыстың алдын алуға тырысқанымен, соңында резина сойылдар мен көзден жас ағызатын газ гранаталарын қолдануға мәжбүр болды.
Белгілі болғандай, НАТО-ның 25 сарбазы жараланды, оның ішінде үшеуі ауыр жарақат алды. Наразылық білдірушілер жанармай құйылған шөлмектерді қолданған.
Наразылық білдірушілер арасында кем дегенде 50 адамның жараланғаны хабарланды.
Еске салайық, биыл көктемде Косовода муниципалды сайлау өтіп, оған серб азшылығы бойкот жариялаған болатын. Нәтижесінде сербтер сандық басымдыққа ие Звенчан мен бірнеше елдімекенде бірнеше ондаған дауысқа ғана ие болған Косово албандары мэр болған еді. Сайлау нәтижелерін Косово үкіметі бекіткеннен кейін бұл қалаларда албан мэрлерінің тағайындауларын болдырмауды талап еткен тәртіпсіздіктер басталды.