Қоқысты қайта өңдеу бойынша ең үздік идея конкурсының қорытындысы шықты

Автор: Аягөз Құрмаш

Байқауға 50-ден астам жұмыс қабылданды

Астана қаласында құрылыстың қоқыс үйінділеріне қарсы күрес және/немесе қайта өңдеу бойынша ең үздік идеяға арналған жастар арасындағы республикалық конкурстың жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес құрылыс қалдықтары дегеніміз  – ғимараттарды, құрылыстарды, өнеркәсіптік объектілерді, жолдарды, инженерлік және басқа да коммуникацияларды бұзу, бөлшектеу, реконструкциялау, жөндеу (оның ішінде күрделі) немесе салу процесінде пайда болатын қалдықтар.

Байқауды Stop musor әлеуметтік жобасы аясында «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ ұйымдастырды.

Байқау осы жылдың 27 наурызы мен 27 сәуірі аралығында келесі номинациялар бойынша өтті:

  • «Құрылыс қалдықтарын болдырмауға арналған үздік идея»;
  • «Құрылыс қалдықтарын қайта өңдеуге арналған үздік идея»;
  • «Құрылыс қалдықтарын утилизациялауға арналған үздік идеясы».

Конкурсты өткізудің мақсаты – жастарды экологиялық саясатты қалыптастыруға тарту және қазіргі өскелең ұрпақтың инновациялық идеялары арқылы стихиялық үйінділер мен құрылыс қалдықтарының пайда болуына байланысты айқын проблемаларды шешу.

Байқауға қатысу үшін жоғары сынып оқушылары мен студенттерден барлығы 50-ден астам жұмыс қабылданды. Конкурс ережесіне сәйкес Қазақстандағы құрылыс қалдықтарына қатысты мәселелерді шешуге бағытталған идеялары бар видеожұмыстар мен сауалнамалар қабылданды.

50 өтінімнің ішінен конкурстық комиссия 4 жұмысты іріктеп алды. Ол командалардың әрқайсысы 150 000 теңгеден ақшалай сыйлық алады:

  • Назарбаев Университеті студенттері Дулат Уәлиев және Жәния Омарова;
  • С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Лавринович Виктория;
  • Павлодар технологиялық колледжінің студенттері Лахонин Даниил, Маусымбаев Сәбит, Нығматуллин Рустам;
  • Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері Еремина Софья, Қожабаев Рустэм, Маковей Никита.

Айта кетейік, Stop Musor жобасы халықтың сауаты мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ азаматтар арасында тұрмыстық қалдықтарды утилизациялау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.