Ақтөбеде кәсіпкерлерден ақша бопсалап жүрген қылмыстық топ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды

Фото ашық дереккөзден

Ақтөбеде кәсіпкерлерден ақша бопсалап жүрген қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полиция қызметкерлеріне облыс аумағында қылмыстық топтың бопсалаумен айналысатыны туралы ақпарат келіп түсті. Аталған тұлғалардың кәсіпкерден қомақты ақша сомасын бопсалағаны, сондай-ақ оларға «Тойота Камри» автокөлігін рәсімдеуді талап еткені анықталды.

Ағымдағы жылғы 16 мамырда жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері Ақтөбе облысының төрт тұрғынын ұстады. Ұсталғандардан патрондары мен 2 травматикалық тапанша және пышақ тәркіленді.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 194-бабы 3-бөлігі «бопсалау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Ұсталғандар қамауға алынды.