«AMANAT»-та әлеуметтік осал топтардың тұрғын үй мәселесі қаралды

Автор: Azattyq Rýhy

Жиын қорытындысы бойынша кеңес мүшелері ұсынымдар әзірлеп, атқарушы органдарға жолдайды

Фото: Әли Ғалым

«AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, онда халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйге қолжетімділік мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Баспанаға қолжетімділік мәселесін шешу және қазіргі таңда Мәжілісте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына ұсыныстарды талқылау үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Отбасы банкі» АҚ-ның басшылығы, қоғамдық кеңестің мүшелері, ҮЕҰ өкілдері және сарапшылар шақырылды.

Кеңес жетекшісі Динара Зәкиеваның айтуынша, баспана – халықтың әлеуметтік осал топтары үшін ең өзекті мәселелердің бірі.

«Бүгінде 638 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның 60 мыңы – жетім балалар. Алайда, біріншіден, әкімдіктер бұл санатқа арналған 20% квотаны сақтамайды. Мысалы, 2021 жылы 1211 пәтер берілді, бұл барлық бөлінген тұрғын үйдің тек 13%-ын құрайды. Екіншіден, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар баспана кезегіне тұрғылықты жері бойынша қойылады. Ал ауылдық жерде, аудандарда, өздеріңіз білетіндей, әлеуметтік үйлердің салыну қарқыны төмен, тіпті кейбір өңірлерде жаңа үйлер мүлдем салынбайды. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары қолжетімсіз. Себебі олардың зейнетақы аударымдары, бастапқы жарнасы, оң несие тарихы жоқ», - деді Д.Зәкиева.

Ресми деректерге сәйкес кезекте тұрған әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындар саны 2016 жылдан бастап 2022 жылға дейін 68,1%-ға – 365,6 мыңнан 614,7 мың адамға дейін өсті. Орташа алғанда, жыл сайынғы өсім шамамен 50 мың адамды құрайды.

Өз кезегінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Тимур Қарағойшин министрліктің ұсынысымен Үкімет салынып жатқан үйлерден кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарға баспана сатып алу үшін қаражат бөлгенін айтты.

«Енді әлеуметтік осал топтар үшін арнайы баспана салынбайды. Есесіне, салынып жатқан үйлерден дайын пәтерлер сатып алуға және өңірлердегі баспана құрылысына 102 млрд теңге қарастырылды», - деді Комитет төрағасы.

Оның айтуынша, мұндай қадам тұрғын үйдің сапалы әрі жылдам салынуы үшін жасалып отыр. Ал аймақтардағы тұрғын үй құрылысына қаражат бөлу арқылы жергілікті құрылысшыларды жұмыспен қамту және облыстардағы құрылыс мекемелерін қолдау көзделген.

«Биыл Үкімет сатып алатын 10700 пәтердің 1600-і Астана қаласында орналасқан. Бұдан бөлек, Президент тапсырмасы бойынша еліміздің 3 өңірі: Жамбыл, Астана, Петропавлда қолға алынған қанат қақты жоба бойынша 1100 жалдамалы пәтер салынып жатыр. Жалпы айтқанда, мемлекеттік қордан биыл 12 мыңдай пәтер тапсырылады. Бұл бұрын-соңды болмаған жағдай», - деді ол.

Жиында баспана кезегінде тұрған әлеуметтік осал топ өкілдері тұрғын үйге қол жеткізу үшін қандай қиындықтарды еңсеруге тура келетінін алға тартты. Солардың бірі көпбалалы жесір ана Сәбира Есемханова осал топтардың санатын анықтаған кезде ажырасқандар мен жесір қалғандардың жігін ажыратуды сұрады.

«Толық емес отбасы деген кезде баспана алу үшін ғана әдейі ажырасқандармен біздерді шатастырып жатады. Мұндай қадамға баратындар бар да шығар. Бірақ солардың кесірінен мен сияқты жалғызбасты аналар зардап шегіп жатады. Мен 6 баланың анасымын, бір баламның мүмкіндігі шектеулі. Жолдасым қайтыс болған. Отбасын жалғыз асырап отырғандықтан, біз сияқты аналар үшін 2%-дық ипотеканы қайтарса екен. «Отбасы банкі» арқылы берілетін 5%-дық ипотеканы төлеу біздерге қиын»,- деді ол.

Осы орайда, «Отбасы банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәселе бюджетке келіп тірелетінін алға тартты. 

«Біз жылына ең көп дегенде 14-15 мың пәтер сата аламыз. Оның өзі жылына 150 млрд теңге бөлгенде ғана жүзеге асады. Ал бізге бүгінде небары 80 млрд теңге бөлінеді. Сондықтан, жетім балаларды «Бақытты отбасы» бағдарламасына қостық. Алайда оған тек бағдарламадан толық емес отбасыларды шығару арқылы қол жеткізе алдық. Өздеріңіз көріп отырғандай, барлық мәселе бюджет мүмкіндігіне келіп тіреледі. Депутаттар республикалық бюджетті қарастыру кезінде осы мәселеге мән берсе дейміз. Себебі біз халыққа қандай да бір уәде беру үшін қандай сомаға сүйеніп айтатынымызды білуіміз керек», - деді ол.

 2014 жылдан бері жетім бала ретінде баспана кезегінде тұрған Мария Галиева өзі секілді жандардың мұң-мұқтажын жеткізді.

«Баратын жер, басатын тауымыз жоқ. Ондаған жылдар бойы кезекте тұруға мәжбүрміз. Сондықтан, жетімдерге қолдау көрсетіп, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін оңтайландыру қажет деп ойлаймын. Кезекте тұрған кезде уақытша баспана берілсе жақсы болар еді. Жеңілдікпен несиеге баспана алу бағдарламаларының аясы кеңейсе дейміз. Ал кезек болса, өте баяу жылжиды. Статистикаға сүйенсек, жылына шамамен 100 шаршы метр бөлінеді. Кейде одан да аз қарастырылады. Бүгінде 1200-ші болып кезекте тұрмын. Яғни, баспаналы болу үшін тағы 12 жыл күтуім керек. Кезегім келгенше жасым 50-ге жақындап қалады», - деді ол.

Сонымен қатар жиында Мәжіліс депутаттары Қарақат Әбден, Юлия Кучинская және Үнзила Шапақ мәселені оңтайлы шешуге қатысты ойларын ортаға салып, өзге қатысушылардың заң жобасына қатысты ұсынысын назарға алды.   

 Жиынды қорытындылаған Кеңес жетекшісі Динара Зәкиева: «Негізгі мәселе – қазір азаматтардың әртүрлі санаттары үшін қолжетімді, тиімді ипотекалық бағдарламалар жоқ. Сондықтан осы заңда барлық азамат пен отбасы өзінің баспана мәселесін шеше алатындай, әсіресе, әлеуметтік осал топтардың жағдайын ескеретін тетіктерді, арнайы бағдарламаларды енгізу керек деп есептейміз», - деп түйіндеді.

Жиын қорытындысы бойынша кеңес мүшелері ұсынымдар әзірлеп, оларды орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жолдайды.