Қазақстан Президенті мен ҚХР Төрағасы келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, мемлекеттік сапармен келуге шақырып, құрметпен қарсы алғаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге шынайы ризашылығын білдірді. Сондай-ақ оны Қытай Халық Республикасының Төрағасы лауазымына қайта сайлануымен құттықтады.
«Қазақстан үшін Қытай Халық Республикасының орны – ерекше. Біздің ынтымақтастығымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты қарым-қатынасты жандандыру жолындағы мақсатымыз – ортақ. Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайтуды көздейтін мұратымыз да – бір. Біз үшін Қытаймен мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі дамыту өте маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
Одан әрі Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық көлемінің рекордтық деңгейге жеткеніне тоқталды.
«Бүгінде Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық көлемі 30 жылдың ішіндегі рекордтық деңгейге жетіп, 31 млрд доллардан асты. Мұндай қарқынмен біз жақын арада тауар айналымы көрсеткішін 35 млрд долларға дейін жеткізу мақсатына қол жеткізе аламыз деп ойлаймын. Сондықтан 2030 жылға қарай 40 млрд долларлық межені белгілеуді ұсынамын. Осы мақсатқа жету үшін біз өзара сауда номенклатурасын кеңейте алар едік», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Бір белдеу – бір жол» жобасының нәтижелі жұмысы туралы сөз қозғады.
«Экономикалық әлеуеттің жүзеге асырылуы көбінесе көлік-транзит саласына байланысты. Бұл жерде Сіздің ауқымы жағынан бірегей «Бір белдеу – бір жол» бастамаңыздың аясындағы табысты ынтымақтастығымызды ерекше атап өткім келеді. Осы жылдар аралығында «Бір белдеу – бір жол» жобасын бірлесіп жүзеге асыруда елеулі нәтижеге қол жеткізілді.
Ертең Сиань қаласының құрғақ портында логистика орталығы іргетасының онлайн режимде қалануы біздің көлік-логистика саласындағы байланыстарымыздың тағы бір белесі болмақ.
Көлік дәліздерін әртараптандыру аясында Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) әлеуетін белсенді түрде пайдалануды ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің өзара қарым-қатынасты дамытуға қосқан өлшеусіз үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Сондай-ақ екі елдің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеру үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға дайын екенін атап өтіп, бүгінгі келіссөздер екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.
Ал ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық ілтипат білдіріп, 70 жас мерейтойымен құттықтады.
«Осындай айтулы күні Сіз Қытайға мемлекеттік сапармен келіп отырсыз. Бұл біздің екіжақты ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді және Қытаймен тығыз байланыстарыңызды тағы да растайды. Қытай мен Қазақстан қытай-қазақ қатынастарының жаңа «алтын 30 жылдығына» қадам басты. Біздің елдеріміз достық, өзара қолдау дәстүрін дамытып, тиімді ынтымақтастықты тереңдетуі қажет», – деді ҚХР Төрағасы.
Кездесу барысында тараптар екі елдің сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастығын дамыту, көлік-транзит әлеуетін арттыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ олар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.