Жаңбыр, жел, үсік: Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Барлық өңірде қатты жаңбыр жауып, жел соғады

Фото ашық дереккөзден

Ертең, 17 мамырда Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды. Барлық өңірде қатты жаңбыр жауып, жел соғады, кейбір облыста үсік жүреді деп болжанады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазгидромет» мәліметтері бойынша, Қостанай облысының оңтүстігінде күн күркіреп, бұршақ жауады. Күндіз аймақтың оңтүстік бөлігінде шаңды дауыл болады. Күндіз өңірдің басым бөлігінде соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды, сонымен қатар облыстың оңтүстігінде өрт қаупі жоғары болады.

Ақмола облысының батысы мен оңтүстігінде күндіз найзағай ойнайды, соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Түнде облыстың солтүстік-шығысында сынап бағаны - 2°C дейін төмендеп, үсік жүреді. 

Ұлытау облысының оңтүстігінде, батысында, орталығында найзағай ойнап, бұршақ жауады, соққан желдің екпіні 15-20 м/с болады.

Түнде Павлодар облысының солтүстігінде сынап бағаны -2°C дейін төмендеп, үсік жүреді, күндіз облыстың оңтүстік-батысында соққан желдің екпіні 15 м/с құрайды, облыстың солтүстік-шығысында өрт қаупі жоғары болады. 

Таңертең және түстен кейін Түркістан облысының оңтүстігінде, таулы аудандары мен тау бөктерінде қатты жаңбыр жауады. Кейде найзағай ойнап, дауыл тұрады, таулы аудандарда бұршақ жауады, соққан желдің екпіні 25 м/с дейін жетеді. 

Маңғыстау облысының солтүстік-батысында, оңтүстігінде, орталығында аракідік жаңбыр жауады. Күндіз облыстың оңтүстігінде, батысында, шығысында найзағай ойнап, бұршақ түсуі мүмкін, желдің екпіні - 15-20 м/с.

Қызылорда облысының орталығында, солтүстігінде аракідік жаңбыр жауады деп күтіледі. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, орталығында найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін, соққан желдің екпіні 15-20 м/с болады деп болжанады.

Күндіз Жамбыл облысының солтүстік-батысында, оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай ойнап, бұршақ жауады, соққан желдің екпіні 23 м/с дейін жетеді деп күтіледі.

Күндіз Қарағанды облысының орталығында, шығысында найзағай ойнайды, соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді, облыстың солтүстігінде, шығысында өрт қаупі жоғары.

Шығыс Қазақстан облысында 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. 

Түнде және таңертең Солтүстік Қазақстан облысының батысында тұман болады, желдің екпіні 23 м/с дейін жетеді, түнде облыстың солтүстігінде сынап бағаны -2°C дейін төмендеп, үсік жүреді.

Ақтөбе облысының оңтүстігінде жаңбыр жауады, күндіз найзағай ойнайды. Атырау облысының батысында, шығысында, оңтүстігінде соққан желдің екпіні 23 м/с дейін жетеді.

Астанада 17 мамырда түстен кейін 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады. 

Батыс Қазақстан облысының оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында найзағай ойнайды, соққан желдің екпіні 23 м/с дейін жетеді деп болжанады.