Ақтөбеде тегін донер таратқан кәсіпкерге қатысты әкімшілік іс қозғалды

Автор: Azattyq Rýhy

Кәсіпкерге 55 мың теңге айыппұл салынды

Бейнеден кадр

Ақтөбе қаласында донерді тегін таратып, адамдардың кептелісін туындатқан кәсіпкерге қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақтөбе қаласының ескі бөлігінде донер дүкенін ашқан кәсіпкер әлеуметтік желі арқылы тағамның тегін таратылатынын хабарлайды. Кеше сағат 14:00-де сауда орнының ашылуы болып, оған бірқатар блогер шақырылған. Адам көп жиналады. Жастардың топ-тобымен жүріп, бір-бірін итеріп, алға ұмтылған сәтінен түсірілген видео әлеуметтік желі арқылы тарап кетті.

Полиция осы оқиға байланысты әкімшілік іс қозғады.

«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша хаттама толтырылды. Кәсіпкерге 55 мың теңге айыппұл салынды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.