Үкіметтің қаулысына сәйкес бизнес-жоспарды әзірлеу өтеусіз негізде жүргізіледі
Атырауда өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкері тегін бизнес-жоспарды әзірлегені үшін шаруа қожалығынан 25 мың теңге талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департаменттің мәліметінше, бұл туралы кәсіпкерден шағым түскен.
«Өңірлік кәсіпкерлер палатасының қызметкері 2021 жылдан бері 427 бизнес субъектісі үшін бизнес-жоспар әзірлеген. Кәсіпкердің айтуынша, палата қызметкері бизнес-жоспарды әзірлегені үшін шаруа қожалығынан 25 мың теңге талап еткен. Бұл бизнесті мемлекеттік қолдау шарасы ретінде іске асырылуы керек. Үкіметтің қаулысына сәйкес бизнес-жоспарды әзірлеу өтеусіз негізде жүргізіледі», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты департамент тарапынан өңірлік палатаға мұндай фактілерге жол бермеу, тиісті шара қабылдау туралы ұсыныс жолданған.
Сондай-ақ, бұл дерек ақпаратты есепке алу кітабында тіркелген.
Процестік шешімдер қабылдау, басқа да деректерді анықтау үшін облыстық полиция департаментінің қарауына берілген.