​​Мәжілісте елдегі экологиялық мәселелерді шешу жолдары талқыланды

Автор: Azattyq Rýhy

2022 жылы қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін жергілікті бюджетке 98,6 млрд теңге салық төлемі түскен

Экология және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен «Экологиялық мәселелер және оларды шешу жолдары» атты кеңейтілген тақырыптық отырыс өтті.

Мемлекет басшысы су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық маңызды міндет екенін айтып, Үкімет әзірлеп жатқан Су кодексінің жаңа жобасы аясында су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға ерекше назар аударуды тапсырған еді.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова Қазақстанның экологиялық жағдайын, қоршаған ортаның жай-күйін және табиғи ресурстарды пайдалануды жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

«Мониторинг нәтижелері бойынша 69 елді мекеннің 10-ы атмосфералық ауаның ластануының жоғары деңгейіне жатады: Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған, Риддер. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде еліміздің ірі қалаларында орналасқан 16 кәсіпорында ластаушы заттар шығарындыларын жыл сайын азайту жөніндегі іс-шаралар іске асырылуда», – деді министр.

Сондай-ақ министр 2022 жылы қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемдердің жергілікті бюджетке салық түсімдері 98,6 млрд теңгені құрағанын айтты.

Талқылау барысында өндіріс және тұтыну қалдықтарын кәдеге жарату жүйесін дамытудың проблемалық және өзекті мәселелеріне ерекше назар аударылды, сондай-ақ Экология министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде су шаруашылығын дамыту перспективалары белгіленді.