Машина жасаушылар форумында қандай мәселелер талқыланып жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Кешенді жоспардағы түйткілді мәселелер форумның күн тәртібіне енгізілген

Фото ашық дереккөзден

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әлихан Абақанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Машина жасаушылар форумы» туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Еліміздің мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес жекелеген бағыттар бойынша кешенді жоспарлар Президенттің тапсырмасына сәйкес әзірленеді. Осы мақсатта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен тау-кен металлургия, электротехника, мұнай-газ, теміржол, ауыл шаруашылығы машина жасау және тағы басқа осы саланың секторлары бойынша 7 жұмыс тобы құрылды. Қаңтар-наурыз айлары аралығында жұмыс топтар аясында 28 отырыс өткізіліп, оның аясында машина жасау саласының өкілдері түйткілді мәселелер мен саланы одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарды жинақтады», - деді Абақанов.

Ол атағандай, сәуір айында Қазақстан машина жасаушылар одағының алаңында кешенді жоспардың жобасы бизнес қауымдастықпен талқыланып, 13 отырыс өткізілді.

«Осы жұмыс аясында 100-ге жуық шаралар мен ұсыныстар сараланды. Жалпы Кешенді жоспар машина жасау саласының барлық секторларын қамтиды. Жұмыс әрі қарай жалғасуда, бүгін кешенді жоспар жобасына ұсыныстар ашық талқылау басталды. Форумның екінші күні, бағдарламаға сәйкес теміржол машиналарын жасау, құю өндірісін дамыту, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, машина жасау саласына кадрлар дайындау, тау-кен металлургия кешеніне арналған машина жасау, реттелетін сатып алулар, электротехникалық және мұнай-газ машина жасау, өнеркәсіптегі цифрландыру сессиялары қарастырылған. Яғни, осы саланың әр бағыты бойынша жеке-жеке талқыланады», - деді Абақанов.

Еске салсақ, елордада 10-12 мамыр аралығында Машина жасаушылардың форумы өтіп жатыр.