«Партияны тартып алмақ»: Жасылдар партиясы рейдерлік шабуыл басталғанын мәлімдеді

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Азаматхан Әміртай партия басшылығынан кеткені туралы ақпаратты жоққа шығарды

Фото ашық дереккөзден

«Байтақ» жасылдар партиясын бұрынғы банкирлер күшпен тартып алмақ». Саяси партияның төрағасы Азаматхан Әміртай осылай деп дабыл көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Осыған дейінгі ақпаратта саяси партия жетекшісінің орнынан алынып қана қоймай, партия қатарынан қуылғаны жайлы да айтылған еді. Алайда бұл әрекеттерді Азаматхан Әміртай жоққа шығарып, рейдерлік шабуылдардың басталғанын айтты.

«Ол – өтірік ақпарат (жетекшінің орнынан алынуы – ред.), бұрынғы «Қазкоммерцбанктің» басшысы болған, яғни банк басқарған адамдардың ұйымдасқан тобы «Байтақ» жасылдар партиясын тартып алуға бар күшін салып жатыр. Олардың жасаған хаттамасы да – жалған. Оған сенудің қажеті жоқ, біздің партиямыз штаттық режимде жұмыс істейді. 20 филиалымыз бар, 100 мыңға жуық белсендіміз бар. Олардың бәрімен бірге жұмыс істеп жатырмыз»,  - деді Азаматхан Әміртаев.

Оның айтуынша, өткен жиынның күші жоқ және саяси партия мүшелерінің жиыны алдын ала хабарлануы керек. Елді дүрліктірген мәлімдемелер бойынша жасырын өткен жиын жайында партия өкілдері полицияға арызданған.

«Олар жиналысты ешкімге ескертпей өткізіп жіберген. Ақпаратты ешкім естімеген. Жиналыс деген олай өтпейді. «Байтақ» партиясының жарғысы бойынша ондай кеңесті тек партияның төрағасы ғана шақыра алады. Олар саботаж жасап, өздері рейдерлік жолмен басып алғысы келіп отыр. Біз полицияға арыз бердік. Барлық партия бөлімшесінің басшыларымен байланыстамыз. Алматыдағы филиал басшысы Жұмабек Бастаубаев бүгін сағат 17.00-де жиналыс өткізеді. Олар заң алдында жауап берсін. Оған біз күш қолдана алмаймыз, ауыздарына қақпақ бола алмаймыз. Өздері заң алдында жауап бергені дұрыс. Мен – партияның төрғасымын, партия мүшелігіне де мен қабылдаймын»,  - деді партия төрағасы Азаматхан Әміртаев.