Пәкістанда бұрынғы премьер-министр қамауға алынған соң жаппай тәртіпсіздік басталды
Әзірге зардап шеккендер туралы нақты дерек жоқ
Пәкістанда бұрынғы премьер-министр Имран Хан қамауға алынғаннан кейін жаппай тәртіпсіздіктер басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұған дейін хабарланғандай, экс-премьер, «Техрик-е-Инсаф» оппозициялық партиясының жетекшісі Имран Хан «Әл-Қадир Траст» ісі бойынша Исламабад Жоғарғы сотының отырысынан кейін қамауға алынды. Ханға лаңкестік бойынша айып тағылды.
БАҚ беттерінде бұрынғы үкімет басшысының қамауға алынғаны туралы хабардан кейін оппозиция өз жақтастарын көшеге шығуға шақырғаны атап өтілді.
Наразылық білдірушілер Пәкістан радиосының кеңсесі мен Мианвалидегі елдің әскери-әуе күштерінің базасын өртеп жіберді.
Сонымен қатар ведомствоаралық барлау ғимаратына шабуыл жасалып, полиция оған жауап ретінде оқ жаудырды. Әзірге зардап шеккендер туралы нақты дерек жоқ.
Жергілікті БАҚ наразылыққа шыққандар Лахорда полиция қызметкерлеріне шабуыл жасап жатыр деп хабарлайды. Ел билігі мобильді интернет пен байланысқа шектеу қоя бастады.
Еске салайық, өткен жылдың қазанында сайлау комиссиясы Ханды Тошаханда (Пәкістанның мемлекеттік қазынасы) сақтаулы тұрған 52 құнды затты сатқаны үшін кінәлі деп тауып, депутаттық мандатынан айырған болатын. Сондай-ақ оған жеке алған сыйлықтары туралы ақпаратты жасырды деген айып тағылды. Ол кезде бұрынғы премьерді ұстау әрекеті сәтсіз аяқталған еді.