БҰҰ елге гуманитарлық апат қаупі төніп тұрғанын ескертеді
Суданда жарияланған бітімге қарамастан, ел астанасы Хартумның орталығында кескілескен ұрыс қайта жалғасты. Атыс кезінде елге танымал актриса Асия Әбделмажид қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
BBC хабарлауынша, Суданның тұрақты армиясы президент сарайы мен қарулы күштердің штаб-пәтері маңынан «Жылдам қолдау күштері» деп аталатын әскерилендірілген жасақтарды күштеп шығару әрекетін жалғастырып жатыр. Шайқастар сонымен қатар Хартум, Омдурман және Бахри серіктес қалаларында да жүріп жатыр.
4 мамырда таңертең армия өкілдері атысты тоқтатуды ұзарту туралы ұсынысты қабылдаған болатын. Бірақ генерал Әбдел Фаттах әл-Бурханның өкілі (елдің қарулы күштерінің басшысы және іс жүзіндегі президенті) қақтығысты тек күшпен шешуге болатынын және тікелей келіссөздер жүргізілмейтінін айтты.
Судандағы бейбіт тұрғындардың саны артып келеді. Бахри қаласының солтүстігінде, балабақша аумағында болған атыс салдарынан елдің алғашқы кәсіби актрисаларының бірі, 60 жастағы Асия Әбделмажид қаза тапты.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Суданның гуманитарлық апатқа ұшырап жатқанын ескертіп, соғысушы тараптардан гуманитарлық жүктер үшін елге кіруді қамтамасыз етуді талап етеді. Ұйымның мәліметінше, қақтығыс басталғалы бері Суданнан көрші елдерге 100 мыңға жуық адам қашып үлгерген, жақын арада оларға тағы 800 мыңға жуық адам қосылады деген болжам бар.
Қаладағы көптеген аурухана дәрі-дәрмектің жетіспеуіне, электр қуатының өшіп қалуына және атыс қаупіне байланысты жұмысын тоқтатты.
Кейбір ауданда жарық пен су жоқ, азық-түлік пен жанар-жағармаймен қамтамасыз ету де аяқталуда. Сонымен бірге соғыс қимылдарына байланысты 45 миллион тұрғыны бар елдің біраз бөлігіне халықаралық көмек бөлу тоқтатылғаны хабарланды.
Судандағы әскери қақтығыс 15 сәуірден бері жалғасып келеді. Оған Жедел әрекет ету күштерінің басшысы Мохамед Хамдан Дагало мен оның бұрынғы одақтасы, қазіргі жоғарғы қолбасшы Әбдел Фаттах әл-Бурхан арасындағы кикілжің себеп болды.