Сенат кедендік рәсімдерді жеңілдететін заң жобасын қабылдады

Автор: Аягөз Құрмаш

Заңды жүзеге асыру қосымша қаржыны талап етпейді

Фото ашық дереккөзден

Сенаттың жалпы отырысында «Кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде, кедендік баждарды, салықтарды, арнайы демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді қолдану ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы заңы қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қарастырылып отырған Келісімге, 2022 жылдың 19 сәуірінде Еуразия экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Басшылары қол қойған болатын. Қазіргі уақытта Одаққа мүше барлық мемлекеттер, аталған Келісім күшіне енуі үшін, қажетті ратификациялау туралы рәсімдерді аяқтады. Еуразия экономикалық одақ туралы шартының 25-бабына сәйкес, одаққа мүше мемлекеттердің кеден одағы шеңберінде, бірыңғай кедендік реттеуі жүзеге асырылады. Сондықтан аталмыш келісім ережелерін қолдану, Одақтың транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал етеді», - деді сенатор Сұлтанбек Мәкежанов.

Ол атағандай, келісімнің мақсаттары, сыртқы экономикалық қызметке адал қатысушылар үшін, кедендік рәсімдерді оңайлатуға және уақыт пен қаржылық шығындарын қысқартуға бағытталған.

«Оған қосымша, кедендік және өзге төлемдерді төлеу жөніндегі міндетті орындауды қамтамасыз ету жүйесінің қолжетімділігін және қаржылық сенімділігін арттыру - келісім мақсаттарының басымдылығы болып табылады. Яғни, келісім транзиттік тасымалдарды жүзеге асыру кезінде, сыртқы экономикалық қызметке адал қатысушылардың шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылғандарға орай, келісімнің ережелері кедендік және өзге де төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз етудің бір тәсілі ретінде - кепілгерлікті дамытуға бағытталған. Сыртқы экономикалық қызметке адал қатысушылар үшін кедендік рәсімдерді оңайлатуға бағытталған», - деді ол.

Сұлтанбек Мәкежановтың айтуынша, келісімнің ережелері, ұлттық заңнамаға өзгерту енгізуді талап етпейді және оны іске асыру, мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды қажет етпейді.

Тегтер: