1200-ден астам адамды алдап, 1,5 млрд теңге шығын келтірген: Қызылордада алаяқтарға сот үкімі шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

Фото ашық дереккөзден

Қызылорда облысында қаржылық пирамиданың қылмыстық әрекетін жүзеге асырған төрт адамға қатысты соттың айыптау үкімі шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қызылорда облыстық прокуратурасына сілтеме жасап.

Қаржылық пирамиданың қылмыстық әрекеті «Гарант 24 Ломбард» ЖШС арқылы құрылған. Серіктестік мүшелері облыс аумағында қаржылық пирамида әрекетін ұйымдастырған.

«Қызылорда қаласының №2 соты тарапынан аталған қылмысқа қатысты төрт адамға айыптау үкімі шығарылды. Оның ішінде бір әйел бар. Олар тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды. Олардың әрбірі 7-8 жылдан бас бостандығынан айырылды. Серіктестік облыстың 1200-ден астам тұрғынын алдаған. Тұрғындарға жалған уәде беріп, ақша тарту бойынша кең көлемде жедел іс-шаралар ұйымдастырған. Сол арқылы заңсыз жолмен 1 млрд 560 млн теңгеден астам қаржы және өзге де мүліктерді жымқырған», - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Қылмыстық істің апелляциялық тәртіпте қаралуы күтілуде.