Ол өз әрекетімен еліміздің бейбітсүйгіш саясатына көлеңке түсіргісі келмейтінін айтты
Анна Башинская Алматы қаласы мәслихатының депутаты ретіндегі өз өкілеттігін тоқтататыны туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол өз іс-әрекетімен еліміздің бейбітсүйгіш саясатына көлеңке түсіргісі келмейтінін айтты.
«Осы күндері көп ойландым. Көп дүниені ой елегінен өткіздім. Менің әрекетімді айыптайтын адамдардың жан дүниесін жақсы түсінемін. Онсыз да жанға бататын оқиғалар кезінде орынсыз пікір білдіргенімді мойындаймын. Қоғамда күрделі жағдай туғыздым. Сондықтан, партияның ресми ұстанымын толық құптаймын. Жеке жауапкершілікті сезіне отырып, мен депутаттық өкілеттікті тоқтату туралы шешім қабылдадым», – деді ол.
Еске сала кетейік, ол бұған дейін қате пікір білдіргенін айтып, Украина мен Ресей халықтарына бейбітшілік тілеген еді.
Сондай-ақ, бұған дейін «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров депутаттың пікірі партияның көзқарасын білдірмейтінін, аталған мәселені тез арада партияның тиісті құрылымдарында қарастыратынын мәлімдеген болатын.