Тұрақтылық пен бірлік – қазақстандық қоғамның негізгі құндылығы
Ақтөбе қаласында Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтті. Облыс орталығында басты мерекелік шара «Қазақ еліне мың алғыс» стелласында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өңір басшысы Ералы Тоғжанов және қала әкімі Мұрат Жөребеков қала тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанның көпұлтты халқының достығы мен келісімі мерекесімен құттықтады.
«Халқымызда «Бірлік түбі – береке» деген дана сөз бар. Тәуелсіздік жылдарында біздің барлық қол жеткізген жетістігіміз бен табысымыз – бірлік пен татулықтың арқасында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 32-сессиясында «Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады» деген болатын.«Әралуандылықтағы бірлік» қағидаты мемлекетіміздің саясаты мен Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің негізгі бағыттарының бірі болды және бола береді», - деп атап өтті облыс әкімі.
Ералы Тоғжанов және Мұрат Жөребеков Ассамблея мүшелеріне, өңірдің этномәдени бірлестіктерінің басшыларына бейбітшілік, достық идеяларын түсіндіру бағытында атқарылып жатқан маңызды жұмыстар үшін алғысын білдірді.
Ералы Тоғжанов бірлік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосқан өңірдің 9 тұрғынына алғыс хат табыстады. Олардың қатарында этномәдени бірлестіктердің, әлеуметтік саланың өкілдері, БАҚ қызметкерлері бар.